22 қазан 2025 жылы Республика күніне арналған «Ұлы Даланың ұлы тұлғалары» атты 8–9 сынып оқушыларының қалалық ғылыми-практикалық конференциясы өтті.
Мектебіміздің атынан 9 «Б» сынып оқушысы Корпеш Дильназ «Томирис: тарих және заманауи көзқарас» атты жобасымен қатысты.
Зерттеу тақырыбы көне дәуірден бастау алады. Томирис — сақтардың массагет тайпасының аңызға айналған патшайымы, ол б.з.д. V ғасырда парсы патшасы Кирге қарсы жеңіске жеткендігімен белгілі. Бұл тарихи оқиға оның тұлғалық және мемлекеттік дәрежесін айқындаған маңызды кезең болды.
Бүгінгі таңда Томирис бейнесі өнер, кино және әдебиет арқылы батылдық пен Отанды қорғаудың символы ретінде мәдениетте өз жалғасын табуда.
Дильназ өз жобасында Томирис тұлғасына жүгіну арқылы бұл тарихи бейнеге деген қызығушылықтың көне заманнан бүгінге дейін үзілмей келе жатқанын атап өтті. Оған антикалық дәуір ойшылдары да, орта ғасыр мен жаңа заманның ғалымдары мен суретшілері де ерекше назар аударған.
Жоба аясында көне тарихшылардың Томирис жөніндегі еңбектеріне талдау жасалып, сондай-ақ кескіндеме, мүсін, әдебиет, кино және хореография саласындағы туындыларда Томирис бейнесінің көрініс табуы қарастырылды.
Корпеш Дильназдың зерттеу жұмысы конференция материалдарының жинағына енгізіліп, үздік жобалар қатарында жарияланатын болады.




